Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Өз баласын өлтірген анаға үкім шықты

c 17:24, 10/02/2021 c 498

0:00 / 0:00

Жаңа туған сәбиін пакетке орап, дәретханаға тастап, одан құтылмақ болған бойжеткенге сот үкім кесті. Қазталов аудандық №2 сотының үкімімен оны екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Оралдағы колледждердің бірінде оқитын, Жаңажол ауылында тұратын 19 жастағы қыздың өткен жылы қараша айында босанғаны белгілі болған еді.Ащы да болса шындық, жыл сайын әр өңірде кем дегенде екі әйел құрсағында тоғыз ай 10 күн көтерген баласынан безініп, түрлі жағдайда сәбилерінен құтылуға тырысады. Бірі қоқыс жәшігіне тастаса, енді бірі әжетханаға тірлей салып жібереді. Аң екеш аңда ұрпағын қызғышша қоритынын ескерсек, пенденің бұл азғаны ма, балаға деген махаббатының құрдымға кеткені ме? Осы сұрақты психолог маманға қойған едік. Гүлзира Елеубайқызы: "Бар кінәні қыз балаға жабуға тырыспай, мәселеге екі жақты қарау керек, демек баланың әкесін де жауапкершілікке тарту арқылы қоғамға өзгеріс енгізуге болады",- деген пікірде.Ал тақырыпқа арқау болған оқиға өткен жылы қарашының 23-і күні тіркелді. Сот талқысында анықталғанындай, қыз 2019 жылдың қыркүйек айында таныс жігітінен жүкті болып қалғанын білген. Алайда бұл жөнінде ата-анасы немесе басқа адамдарға айтпаған. Содан 23 қараша күні үйдің сенесінде тірі күйінде ер баланы туған. Бұған қобалжып, қорқып кеткен ол сол жерде қайшымен баланың кіндігін кескен. Кейін шақалақты целлофан қапқа салып, қора ішіндегі дәретханаға салып жіберіп, жаңа туған сәбиін өлтірген. 19 жастағы студент ата-анасынан қорыққан соң, осындай қадамға барған көрінеді. Ол сотта кінәсін толық мойындаған. Пакетке оралған шақалақтың ауа жетпей, тұншығып өлгенін сот дәрігерлік сараптама арқылы анықтаған.Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Осыған ұқсас оқиға 2020 жылдың қарашасында Атырау облысында да тіркелген болатын.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.