0:00 / 0:00
Отбасында жанжал шығарушылармен күрес қанша күшейтілгенімен, тұрмыстық зорлық-зомбылық артып отыр. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашевтің айтуынша, 19 мың отбасында жанжал тудырушы жауапқа тартылған. Олардың көбі жұмыссыз отырғандар, ішімдікке салынғандар. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңның бірқатар нормалары жаңартылды. Атап айтқанда, қорғаныс нұсқамасының қолданылу мерзімі 10 күннен 30 күнге дейін ұзартылды. Ішкі істер органдары жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отбасылық зорлық-зомбылық жасаған немесе оны жасау қаупі бар адамға жазбаша түрде қорғаныс нұсқамасы береді.
Өкінішке орай, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жауапкершілік қатаңдатылғанымен, отбасылық жанжалды шешу жолдары әлсіз. Бүгінде әйелдер мен балалардың көбі өзін отбасында қауіпсіз сезінбейді. Ішімдікке салынған жанжалшыл әкеден немесе ата-анасы қосылып араққа салынған маскүнемдерден қорғану қиынға соғып отыр. Тіпті тұрмыстық жағдайы қалыпты отбасында да зорлық-зомбылық орын алады. Отбасындағы зұлымдықтан қылмыс туындайды. Осыған орай,тиісті заңнамаға өзгеріс те енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратын адамдарға жақындарымен кездесуге 30 күнге тыйым салынды.
Мұрат баймұқашев – ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы «Сот шешімімен отбасында жанжал тудырған құқық бұзушы 30 күн бойы жақындарынан оқшаулатылады. Ұйғарым бойынша құқықбұзушыға бір ай бойы ішімдік ішуге, есірткі қабылдауға, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушілерге жақындауға және оларды аңдуға тыйым салынады».
Карантин барысында елде отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысы 25 пайызға артты. 30 жуық адам көз жұмды. Өз кезегінде зардап шегушіні қорғау мақсатында, күйеуінен опық жеген айтуға қорқатын әйелдерге 102 -ге хабарласып, маска немесе антисептик керек десе, оператор отбасындағы жанжалға қатысты екенін түсінетін болады дейді полиция өкілдері. Көп жағдайда күйеуінен таяқ жеген әйелдер бұл жағдайды жасырып қалуға тырысады. Себебі, балаларының әкесін істі қылғысы келмейді. Екінші жағынан оны дәлелдеу үшін қыруар құжат жинау керек. Мұны жеңілдету үшін, дәлел заттарды жинаумен полиция айналысатын болды. Осылайша тұрмыстық қылмысты азайту көзделгенді. Алайда, соның өзінде отбасындағы жанжал артып отыр.
Мұрат Баймұқашев – ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы «2019 жылы 1000 аса тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқық бұзушылық тіркелді. Яғни 14 пайызға артты».
Ағымдағы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 130 мыңнан аса шағым келіп түсті. Нәтижесінде 2,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 30 мыңға жуық іс бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отбасында жанжал тудырушылардың көбі жұмыссыз отырғандар, ішімдікке салынғандар.