0:00 / 0:00
Және ҰБТ-ден жинаған бал оқушының сабақ үлгерімімен бірге есептеліп барып қорытынды шығарылады. Бұрын түлектердің қалаған мамандығына түсу мүмкіндігі алған 11 жылдық білімінің нәтижесімен емес, ҰБТ-ден жинаған балы бойынша анықталатын. Сондықтан да бұл сынақ кенеттен әлдекімді арманымен қош айтыстырса, енді біріне сәттілік жолдас болып жататын кездер тіркелді. Қашанда жоғары дайындық арқасында ғана жақсы нәтижеге жетуге болатыны белгілі. Дегенмен биылғы жылдан бастап, оқушының сабақ үлгерімі де ескеріліп, жинаған ұпайымен қосылып барып, баға атестатқа түсірілетін болады. Ұлттық сынаққа осындай жаңашылдық енгізіліп отыр. ҰБТ-ге оқушылар да, ата-аналар да үрке қарайды. Осыған байланысты қаншама өз-өзіне қол жұмсау сынды даулы оқиғалар тіркелді. Олардың осындай сезімдерін, үрейлерін басып, моральдық тұрғыдан дайындау үшін биыл психологиялық тренингтер өткізілмек. Білім басқармасының мәлімдеуінше, оны 16 мамыр күні барлық мектептерде өткізу бағдарламасы құрылған. Кездесуде тілшілер мұғалімдердің балаларды 9-сыныпты бітіріп оқуға кетуге мәжбүрлейтіні жөнінде сауал қойып, оған кәсіби білім беру ұйымдары жөніндегі ақпаратты алды. Ағымдағы жылы 4581 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 3171, яғни 69,2% пайызы ҰБТ ға қатысуга тілек білдірген. Айта өтейік, бұл сынақтан халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары босатылады. Былтыр осындай 43 оқушы аталмыш сынақтан айналып өткен болатын. Сондай-ақ бұрынғыдай ҰБТ-дің қортындысы көрсетілген тізімде оқушылардың аты-жөндері емес, ЖСН нөмірі көрсетіледі. Бұл түлектердің жеке көрсеткішін көпшілікке жарияламай, құпия сақтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. БҚО-да биыл 239 оқушы алтын белгіден үмітті екен. 2014-жылы аймақтағы орташа бал 81,25 балға жетіп, Қазақстан бойынша алдыңғы қатардан көрінген болатынбыз. Мамандар биыл бұл деңгей одан әрі артады деп сенім артуда.