0:00 / 0:00
Жоба құны 40 млн. теңгеден астам. Тынымбақ "Туған жер" бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосып жатырған жеке кәсіпкердің қаражатына салынады. Қала тұрғындарының сейіл құрып, тынығуына арналған орын Еуразия даңғылы мен Петровский көшесінің қиылысында "Сити центр" ойын-сауық орталығының жанында орналаспақ.
Елбасы «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға шенеуніктерді, кәсіпкерлерді, зиялы қауымды, жастарды жұмылдыруды тапсырды. Елге танымал азаматтар мен қалталы кәсіпкерлер өздері туып-өскен мекенінің жағдайын жасап, тұрмысын түзеуге қолдан келгенше атсалысулары қажет. Президент бұл жұмыс жергілікті билік өкілдерінің міндеті екенін көрсетіп берді. Осы орайда қаламызда кәсіпкердің қаражат бөліп, қолдаумен жаңа тынымбақтың құрылысы басталып жатыр.
-"Еуразия даңғылы бойында орналасатын тынымбақта спорт алаңқайы, 14 отыратын орын, 8 шатырлы орындық, 26 жарық шамы қойылады және 50 түптен аса емен мен қарағай отырғызылады",-дейді Орал қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Орынбасар Бисенғалиев.
Аялдама алаңындағы өз орнын босатып беріп жатырған кәсіпкер де "Туған жер" бағдарламасына өз үлесін қосып бағуда. Мамандардың айтуынша, қазіргі күні тынымбақ құрылысына қатысты осындай 5 жаңа жоба дайын тұрған көрінеді.