Көп қабатты үйлерде ашық қалатын терезелер балалар өмірі үшін аса қауіпті болып тұр. Орал қаласында тағы бір сәби 5ші қабаттан жерге құлап түсіп, ауыр жарақат алды. Оқиға 9-шы шағын ауданда болған. Дәрігерлер 3 жастағы баланың өмірін сақтап қалу үшін тер төгуде. Бүгінде ол жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы уақытта осындай оқиғалардың жиілеуі ақ халаттылардың алаңдаушылығын туғызуда. Сондықтан ата-аналарды үйдегі қауіпсіздікті мұқият сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауды естен шығармауды қатаң ескертеді. Әсіресе 2 жастан 5 жас аралығындағы бүлдіршіндерді тәрбиелеуде бақылау керек. Биылғы жыл басталғалы ашық терезеден құлаған балалар саны 10-нан асып отыр.