0:00 / 0:00
Орал қаласында көктайғаққа байланысты ауруханаға жарақатпен түскендер саны күрт артып отыр. Бұл жөнінде БҚО клиникалық ауруханасы хабарлады. Өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты дабылды ескерту жарияланған болатын. Көлікпен жүру қаупі артқан соң бірнеше тас жол жабылып, қала ішіндегі қозғалыс та қиындап кетті. Қауіп-қатердің бетін қайтару үшін қазір бірнеше сала қызметкерлері іске білек сыбана кірісіп отыр.
Көктемгі күннің шуағы жердегі қардың бауырын жібітсе, түнгі аязбен дымқыл мұзға айналып, оған жауған қар үстеп, салдарынан көктайғақтың әсері артып отыр. Бұл күндері жолға шығарда сақ болған жөн дейді тәртіп сақшылары. Себебі қауіпсіздік үшін бірнеше тас жол жабылып, қозғалыс шектелген болатын.
БҚО клиникалық ауруханасының жарақатпен қабылдау бөлімінде ұзақ-сонар кезек. Егде жастағылардың көбі көше бойында байқаусызда көктайғақта тайып жығылып қол-аяғын майып қылып алған немесе түрлі жарақат алғандар саны күрт артқан. Кезектен көз ашпайтын кабинеттердің бірі- рентген түсіретін орын. Бүгін осында тек түске дейін 50 адам қабылданыпты.
Мамандар әр адам жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жан-жағына қарайлап жүруін, ал денесін зақымдап алса, дер кезінде дәрігерге көріну қажетін ескертеді. Алдағы мерекелік күндерге қарамастан ақ халаттылар кезекшілік бойынша жұмыс жасап, өз қызметтеріне мұқтаж жандарға көмек көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді.