0:00 / 0:00
Бұл жөнінде бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Осыған дейін картамен жүргізілетін төлем пилоттық жоба ретінде №51 маршрутқа орнатылған еді. 13-тамыздан бастап осындай жүйеге №5, №7, №39-шы маршруттар қосылғалы отыр. Төлем картасы арқылы қабылданатын жолақы жөнінде жолаушы көлігі және авто көлік жолдары бөлімі мен атқарушы компания өкілі түсіндіріп берді.
Қоғамдық көліктерді жаңғыртуда өткен жылдан бастап барлық автобустардың "Джи-ПИ-С" жүйесіне қосылуына атап өтуге болады. Бұған дейін "инфо бас" деп аталатын төлем жүйесі енгізілген еді. Бұл төлем қолданыста қала береді. Оған қоса, облыста "Жол картасы" бағдарламасы арқылы картамен қабылданатын төлем енгізілгелі отыр. Наурыз айынан бастап 51 маршрутта қолданылған төлем жүйесі еш ақаусыз жұмыс жасап, енді 5,7,39 маршруттарға орнатылғалы отыр.
Бұл картаны автобус ішінде униформада жүретін компания өкілдерінен сатып алуға болады. Бағасы 400 теңге тұрады және 5 жылға беріледі. Ай сайын картаны каспий кз немесе терминалдар арқылы қажетті сомаға толықтырып отыру керек. Әр жолақы төлемінен 5 теңге бонус ретінде беріледі. Жиі пайдаланған адам айына 500 теңге үнемдей алатын көрінеді. Балалар мен зейнеткерлерге суреттері бар карталар рәсімделеді. Болашақта білезік түріндегі картаны енгізу жоспары да бар. Төлем автобус ішінде орнатылатын терминал арқылы емес, кондуктар қолындағы құрылғымен жүзеге асады. Биылғы жыл соңына дейін электронды төлем барлық қоғамдық көлікте іске қосылады деп күтілуде. Бұдан өзге кондуктар қол-қол ақшамен бұрынғыша төлем қабылдауын да жалғастырады.