0:00 / 0:00
Бау-бақша өсірушілер биыл мол өнім алып отыр. Алайда Орал қаласында қарбызға деген сұраныстың азаюына байланысты сатушылардың көңілі күпті. Бренд саналатын жергілікті Тайпақтық қарбыздар базар маңына бірнеше жүк көлігімен жеткізілгенімен өтімділігі тым төмен. Тиісті орынның жоқтығынан жол жиектерін сауда алаңына айналдыратын кәсіпкерлер болса, мұндай жағдайда зор шығынға батарын ойлап қамығады. Бұған басты себеп бау-бақша дақылдарының жылдағы мерзімнен кешірек егілуі көрінеді.
Тайпақтың қарбызы саттыққа шыққан мезеттен шеттен келетін өнім сөреден сырылып қалады. Ақжайық ауданының Алмалы ауылы брендті қарбыздардың отаны саналады. Топырағы құнарлы жерде тіл үйірер өнімді өсірумен айналысатын отбасылар үшін бұл бір кәсіптің көзіне айналған. Дегенмен биылғы мол түсімге масаттанған шаруалардың қуанышы енді су сепкендей басылып отыр.
-"Өнім жәй сатылып жатыр. Бұрынғыдай өтпейді. Орын алу бұрын қиын-тұғын, тұрғызбай үнемі полиция қуатын болса, қазір әупірімдеп сатып жатырмыз. Амал жоқ қарбыздың бағасын түсіріп жібердік",-дейді сатушылар.
-"Қарбыздар жөнді өтпей жатыр. Бағасын 30-40 теңгеден сатып жатырмыз",-дейді сатушылардың бірі Ерсұлтан Кеңесов.
Ал былтыр осы кезеңде бау-бақша өнімі өнімділігі центнеріне 130 гектар болған еді. Жалпы облыс бойынша биыл бақша дақылдарының егіс көлемі 1733 гектарды құрап отыр.
-"Қазіргі уақытта егілген 1733 гектар бақшаның 1204 гектары немесе 69,5 пайызы жиналып, орташа 135 центнер гектарына өнімділікпен 16,3 мың тонна өнім алынды. Бұл былтырғы жылдан көбірек"-деп мәлімдеді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанова.
Облыс орталығында Тайпақ брендінен бөлек, Көшім және өзге де саяжайлар мен ауылда өсірілген қарбыздар да шығарылып отыр. Соның ішінде Астрахань, Оңтүстік Шығыс розасы, Бомба, Рада деп аталатын қарбыз сұрыптары саттықта. Бұрын қарбыз сатушылар үшін бір орында тұрып өнімдерін өткізу қиынға соғатын еді. Орындарынан қуылып, айыппұлға тартылып жатырса, осы күні қысым сейілген. Жергілікті өнімді сату мәселесі шешімін тауып келеді. Тек ақ адал маңдай терлерін төгіп өсірген жеміс-жидектің саттықтағы бағасы күрт түсіп кетті. Соған қарамастан жүк көліктерімен облыс орталығына қарбыз-қауынын тиеп алып келген бау-бақша өсірушілер қолда бар өнімді өткізіп алсақ, еңбек зая кетпес еді деп үміттенеді.