0:00 / 0:00
Оралда үшінші қайырымдылық гранд балы өтті. 100 жас, 50 жұп Салтанат сарайында өнер көрсетіп, осылайша жиналған қаражаттан қамкөңіл жандарға көмек көрсетті. Қайырымдылық шарасына Димаш Құдайбергенов, Ринат Гайсин мен «Еуровидение-2011» байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымов те арнайы қатысқан болатын. Сәні мен салтанаты жарасқан шараға шақырылған Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары, танымал әртістер ең алдымен қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, кешке келгендермен суретке түсті. Ал смокинг киінген бозбалалар мен аппақ көйлекті бойжеткендер құдды ертегі әлеміне енгендей...Балдың 100 дебютанты Салтанат сарайының төрінде бар өнерлерін паш етті. Мәртебелі меймандарға хош келдің айтып, ыстық лебізін білдіруге облыс басшысы Алтай Көлгінов те арнайы келген. Кастинг арқылы іріктеліп, Гранд балға қатысу мүмкіндігіне ие болған жастарды еліміздің ең беделді балетмейстерлерінің бірі Қарлығаш Қадырбекқызы мен Досжан Табылды арнайы дайындапты. 1 ай бойы шеберліктерін шыңдаған жастар павана, кадриль, финдік полька мен Шәмші әндеріне де би биледі. Биыл үшінші рет өткізіліп тұрған салтанатты гранд бал қайырымдылық ниетін ту етеді. Бұл ниеттерін қазақ эстрада жұлдыздары да қолдап, жұртшылықты адал махаббаттарымен тәнті еткен Анель мен Марлен, Ринат Гайсин, Асылхан Төлепов пен ерекше дауыс иесі Димаш Құдайбергенов те арнайы Ақ жайыққа ат басын бұрыпты. Салтанатты шара соңында Мақсат Абуов пен Камилла Халелова гранд-балдың ханзадасы мен ханшайымы болып танылды.
Ал қайырымдылық гранд балының толық нұсқасын бейсенбі күні 19.50де біздің арнадан тамашалай аласыздар!