Өрт 17-қаңтар күні 15:00 шамасында Зашаған кентіндегі Мөңкеұлы 81/1 мекен-жайында орналасқан үйде тіркелген. Тілсіз жау балалар үйде ата-аналарының бақылауынсыз қалған кезде тұтанғаны белгілі болып отыр.
Абырой болғанда 2 және 4 жасар бүлдіршіндерді көршілері құтқарып қалған. Ес-түссіз улы газға тұншыққан балалар жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер қазір олардың үлкенінің жағдайын әлі ауыр деп бағалап отыр.
Өрттің аумағы 1 бөлмелі пәтердің 30 шаршы метрін шарпып, барлық жиһаз, дүние-мүлік түгелдей күлге айналған. Жақында жөндеу жасалған кермелі төбе жерге ағып түсіп, үй қабырғалары түсқағазсыз қалған. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына балалардың от тұтатуы себеп болуы мүмкін.