Автокөліктердің оң қапталға бағдаршамның рұқсат белгісін күтпей жүруі - кептелісті сейілтуге септігін тигізеді дейді мамандар. Алайда осы маңдағы тұрғындар құрылыс талаптары бұзылды деп жобаға қарсы өз наразылықтарын білдіріп отыр. Арна тілшісі мән-жайды білмек болды.
Сырым Датов пен Гагарин көшесі қиылысындағы тұрғын үй иелері жаңа жол айрықтың қолайсыз тұстарын жіпке тізіп отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін бұл аумақта біраз өзгеріс жасауға тура келіпті. Оны құп көрмеген тұрғындар наразылық білдіруде. Гагарин 67 мекен-жайының тұрғыны Виктор Навозенко жаңа жол айрықтың пайда болуы жолдағы қауіпті арттырады деп санайды.
Бұл нысанда "Бірлік" ЖШС жұмыс жасап жатыр. Мердігер кәсіпорын мойнына 3 бірдей бағдаршамның рұқсат беру түсін күтпей бұрылуына арналған жолақ салу жүктеліпті. Осы маңда құрылыс алаңының қоршалмауынан бір адам шұңқырға құлап кеткен жағдай да болыпты. Тек содан соң бір шара қолдана бастаған.
Ал жолаушы көлігі және авто көлік жолдары бөлімі жоба құзырлы орган мамандарымен жан-жақты зерттеліп, қаралып барып, қолдауға ие болғанын мәлімдеді. Көлік ағыны артқан қала жолында кептелісті азайтуға бағытталған жол айрықтар күзге таман қолданысқа берілуі тиіс. Ал тұрғындар қиылыстағы қауіпсіздікке көңіл бөлу назардан тыс қалмаса деген тілектерін білдіруде.