0:00 / 0:00
Орал қаласында күннің жылынуы мен қардың еруі жолдағы жағдайды ушықтырып, жеңіл авто көліктердің қозғалысын қиындатып жіберді. Мұндай жолдарда жүргізушілер темір тұлпарларын зақымдап алмас үшін ілбіп жүруге мәжбүр. Биыл облыс орталығындағы осындай шұңқырларды бітеп, ағымдағы жөндеу жасауға былтырғыдан аз ақша бөлініп отырған көрінеді.
Көлік қарасы бір сейілмейтін Петровский көшесінің бойында бірнеше ор-шұңқыр пайда болған. Мұндай жолда жүрген авто көліктің қосалқы бөлшектері жиі істен шығып, қалтамызға түсетін салмақ арта бастады дейді жүргізушілер. Орал қалалық жолаушы көлігі және авто көлік жолдары бөлімінің мәлімдеуінше, биыл ағымдағы жөндеуге 300 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 млн.ға аз сома.
Ағымдағы жөндеу өткізуші компанияны анықтау үшін жарияланған тендер аяқталып отыр. Оның нәтижесі бойынша "Айдана" ЖШС бұл жұмысқа жауапты деп танылыпты. Ағымдағы жөндеуді жолдар кепкен соң бірінші кезекте қоғамдық көлік жолдары мен басты көшелердің бойында бастау жоспарланып отыр.