0:00 / 0:00
Білім бөлімінің мұрындық болуымен оздырылған шараға жас өнерпаздар қатысып, өз туындыларын сынға салды. Айта кетейік, облыс орталығында қазір 30-ға тарта мектепте құлтемірлерді құрастырып, ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік жасалған. Осы бағытта оқушыларға арналған үйірмелер жұмыс жасап, аталмыш сала жақсы дамып келеді,-дейді мамандар.
№43ші жалпы орта білім беретін мектепте өтіп жатқан олимпиадаға өз мектептерінде робототехника саласында ізденіспен жұмыс жасап жүрген оқушылар қатысты.
-"Болашақта барлық салада пайдалануға болады деп күтіліп отырған құлтемірлерді жасау қазір мектеп бағдарламасына енгізілген болатын. Ондағы мақсат-ақпараттандыру, цифрландыру, компьютерлік технологияны жастарға тезірек меңгерту",-дейді Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова.
Спорт залда әр мектептің оқушылары өз туындыларының қандай мүмкіндіктері барын көрсетіп, бақ сынасты. Бүгінде мектеп мұғалімдері де осыған сай арнайы біліктіліктерін арттырған.
Қиын жұмысты атқаруда, адам денсаулығына қауіпті өндірісте жұмыс жасауда роботтардың қажеттілігі де, маңызы да әлемдік тәжірибеден аңғарылып отыр. Ал оқушылар қазір өз деңгейлерінде ғылыми жетістіктерді бағындыруға ұмтылуда.
Барлығы алғашқы қадамнан басталады. Дамыған заман ағымынан қалмау үшін оқушылар қарапайымнан күрделі механизмге көшіп, инновация жетістіктерін меңгеретін болады.