Жұмыссыздықты жоюды көздеген шара Қадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өткізілді. Жәрмеңкеде 400-ден астам бос жұмыс орны ұсынылып, түйіндемелер қабылданды.
Биылғы жылы 3 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту жоспаланып отыр. Ағымдағы жылы 6 жәрмеңке өткізілмек. Бүгінгі шара соның алғашқысы. Өткен жылы 7 рет жәрмеңке оздырылып, 500-ден астам адам екі қолға бір күрек тапқан екен.
Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі- дипломын енді қолына алған тәжірибесі жоқ жастар. Олар жәрмеңкенің арқасында қалаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасамыз деген үмітте. Жәрмеңкеге 60-тан астам жұмыс беруші қатысып, 400-дей бос жұмыс орындарын ұсынды. Өндіріс орындарында инженер, дәнекерлеуші, қырнаушы және өзге де жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Ал жалақысы жоғары шетелдік компаниялардың қоятын талабы да жоғары.
Азаматтар жәрмеңке арқылы жұмысқа орналасу мүмкіндігі төмен екенін айтады. Себебі жастарды еңбек өтілі жоқ деп жұмысқа қабылдамайды, ал орта жастағылардың ұсынған қызмет жалақысына көңілдері толмайды. Айта кетейік, келесі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сәуір айында өткізіледі.