0:00 / 0:00
Орал қаласында жаңа үйлердің көптеп салынып, халық санының артуы мектептерге түсер салмақты ұлғайтып отыр. Биылғы оқу жылында облыс орталығында 5 бірдей мектеп 3 ауысымда жұмыс жасайтын болады. Соның ішінде Зашаған кентіндегі мектептерде екі есе көп оқушы білім алмақ. Бұл жөнінде білім бөлімі мәлімдеді. Аталмыш мәселені шешу мақсатында болашақта қала аумағынан 7 жаңа білім нысанын салу жоспары бар.
Бір жылда мектептердегі бала саны 4 мыңға артып отыр. Басты себеп тұрғын үйлердің көптеп бойы көтеріп, шағын аудандарға қоныстанған халық санының көбеюі. Салдарынан орын тапшылығы байқалған мектептер 3 ауысымда жұмыс жасауда. Қалада қазір 5 білім ордасы осындай қарқынмен оқу жылын бастады.
-"Мектептердегі орын тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. 1200 орынға лайықталған №10 жалпы орта білім беретін мектепте 300 оқушы білім алып жатыр. 47-ші мектепте 1200 орын болса, 2000-нан астам оқушы қабылданды. Сондай-ақ тап осындай 1200 орындық 20-шы мектепте 2060 бала оқитын болады. Оның үстіне мектепке дейінгі сыныптар бар. Бұдан өзге Борлы тау ауданындағы мектеп пен 5-ші шағын аудандағы 42-ші мектеп гимназия да 3 ауысымда жұмыс жасайды",-дейді білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова.
Бұдан өзге 7,6 17 мектептерге де үлкен салмақ түсіп отыр. Сарытау ауданынан ашылатын 900 орындық мектеп бұл қиындықты аз ғана сейілткенімен, мәселе шешілмейді. Жаңа нысанға 10 мектептен 600 бала ауысса, 47 мен 20-шы мектеп оқушылары ата-аналарының қалауларынша орналаса алады. Мәселен, бала саны ауқымды 20шы мектепте биыл 11 бірінші сынып бар.
-"20 мектепте былтыр 964 бала білім алса, биыл 2066 бала оқиды. Бала санының артуына байланысты таңғы сағат сегізде сабақ басталып, кешкі сағат 19:15-те сабақ аяқталады",-дейді №20 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Ұлпа Тілегенова.
Орын тапшылығына қарамастан оқушыларға білім беру үйлестірілгенімен ата-аналар тезірек жаңа мектеп салынуын тағатсыздана күтеді. Өйткені бұл жағдай білім сапасына әсерін тигізеді деп алаңдайды.
-"Мектеп оқушыларға лық толы. Сыныпта бала көп. Дәліздерде де балалар саны ауқымды. Менің қызым 3-сыныпта оқиды. Бірақ 3-ші қабатта жоғары сыныптармен бірге оқиды. Бастауыш сыныпты бөлек оқытуы керек",-дейді Елена Фофонова.
3 ауысымдағы мектеп мәселесін шешу үшін қалада 7 жаңа мектеп құрылысының жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатыр.