Үкіметтің бүгінгі отырысында, су тасқыны, өрт қауіпсіздігі мәселеріне арналды. Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, еліміздің кей өңірлері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес. Бөлінген қаржы толық қажеттілікті жаппайды. Өрт сөндіру техникасының жартысына жуығы істен шыққан.Осыған байланысты үкімет басшысы өрт сөндіру алгоритмінің сақталмауына байланысты тергеу жүргізуді тапсырды. Бектенов Абай, Пауладар облыстарында өрт туралы дер кезінде хабар бермеген деректер тіркелгенін айтты. Абай облысында орман мекемелерінің қызметкерлері өрт туралы ТЖМ, ІІМ және Қорғаныс министрлігіне дер кезінде хабарламаған. Мұндай жағдай Павлодар облысында да тіркелді деді премьер. Осыған орай ол экология министрлігіне, ТЖМ мен ІІМ-ге осы екі өңірдегі өрт фактілері бойынша тергеу жүргізіп, тиісті шаралар қабылдап, жауаптыларды жазалауды тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет басшысы тексерулер көрсеткендей, барлық өңірде табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары тиісті деңгейде орындалмай жатыр деді. Ал биыл көктемнің әлегіне тап болған Ақмола облысында 100 аса үй суда қалған еді. Олжас Бектенов бұған облыс әкімдігін кіналады.
Биыл су тасқынының ең күшті толқыны Солтүстік Қазақстанда орын алуы мүмкін. Су тасқынының үшінші толқыны Солтүстік Қазақстан облысында күтіліп отыр. Гидрологтардың айтуынша, бұл толқын көп жерді шаюы мүмкін. Әзірге су Заречный шағын ауданы маңындағы айналма жолды басып қалды. Тұрғындар үйлеріне балама жолмен жетуге мәжбүр. Ауа-райын болжамы бойынша, бір апта ішінде Заречный, сондай-ақ оған жақын орналасқан Тепличное және Прибрежное ауылдары толық су қоршауында қалуы мүмкін. Премьер -министр елдің солтүстігінде қар әлі ерімегенін айтып, табиғаттың тосын сыйына дайын болуды жіті тапсырды.
Айта кететін тағы бір мәселе - ауылдық өңірлерді төтенше жағдайлардан қорғау үшін «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді. Жаңа форматта бес ауылдық өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл бекеттер техникамен, қажетті жабдықпен және арнайы киіммен қамтамасыз етілген, сондай-ақ еріктілерді орналастыруға жағдай жасалған. Жергілікті атқарушы органдар олардың құрылу барысын жандандыруы тиіс. Осы мақсатта министрлік 185 бірлік өрт сөндіру техникасын беруге дайын. Қауіп әлеуеті жоғары аймақтарда ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады.