0:00 / 0:00
Х алық қалаулыларының айтуынша, өндірісте импорттық шикізат пен құрамдас бөліктер басым. Машина жасау осының жарқын мысалы болып табылады. Мемлекеттік қолдауға қарамастан, Қазақстанның осы өнімге қажеттілігінің 80% -дан астамы шетелден құрамдас бөліктерді жеткізу есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Яғни отандық көлік шығарып жатырмыз дегеніміз бос сөз. Себебі, біздің елде автокөлікті шығармайды, оны жинастырады. Ресми деректер бойынша фармацевтика өнеркәсібіндегі импорттың үлесі 63% -ды, жиһаз - 55% -ды, электрондық өнім өндірісінде - 40% -ды құрайды. Қазақстан экономикасының кейбір салаларында импортқа тәуелділік сақталған. Жеке ресурстар немесе өндіріс жоқ, ал кейбір өнімдер, мысалы, компьютерлер мен ноутбуктер шығарайын десе, шетелдік брендтермен бәсекеге түсе алмайды.
Қазақстан басқа елдерге тәуелділіктен құтыла алады. Бірақ отандық өндірушілер толық қуатта жұмыс істемейді. Мысалы, табиғи шырындар өндірісімен айналысатын отандық кәсіпорындар 390,8 млн литр өнім өндіруге қабілетті. Сарапшылардың айтуныша, бұл жылдық тұтыну деңгейінен шамамен 2,7 есе артық. Алайда іс жүзінде қазақстандық өндірушілер 2022 жылы сұраныстың 58,3% -ын ғана жауып, жыл басынан бері небәрі 30,7 мың тонна жеміс және көкөніс шырынын өндірді. Экономиканың басқа салаларында да осындай жағдай байқалады. Елде қайта өңдеу саласын дамытуға не кедергі?
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп дамымай жатыр. Ең болмаса киім-кешек тігуде де көрші қырғыз бен өзбек ағайынға ілесе алмай отырмыз. Ал «made in Kazakhstan» деп тігіліп жатқан киімдердің ел ішінде өндірілгеніне күмән бар.
Тәуелсіздік алған 30 жылда өндіріс орындары ашылып жатыр, ірі жобалар жүзеге асады деген ұрандарға құлақ үйренген. Индустриялық-инновациялық жобалардың қалай ашылғаны, кәсіпорындар жобалық қуаттылыққа шыға алмай даусыз жабылған мысалдар көп. Ал өндірісті дамыту үшін қажетті шикізаттың барлық түрі біздің елде баршылық.