0:00 / 0:00
Омега ауданында орналасқан көпірді жөндеуге кіріскен қала әкімдігі тұрғындар қарсылығына тап болды. Шаһар билігі үйлері көпірге тым жақын орналасқан азаматтардан баспанасын уақытша босатуды талап еткен. Тұрғындар мұнымен келіспейді. Осы орайда бүгін қала әкімі Мұрат Мұқаев БАҚ өкілдерін жинап баспасөз мәслихатын өткізді.
Жергілікті тұрғындар уақытша тұратын үйдің пәтер ақысын әкімдік өзіміз төлейміз десе де, қарсы болып отыр. Себебі, құрылыс басында ауыр техника жұмыс істейді. Кейін үйіміз жарамсыз болып бүлінеді деп қорқады. және құрылыс жұмыстары үш жылға дейін созылуы мүмкін.
Бұл аумақта 50-ге тарта үй бар, бірақ көшуге қарсы шыққандар саусақпен санарлық. Тұрғындар кей көршілер жағдайдан бейхабар дейді. Арадағы дауға нүкте қою үшін, Орал қаласының әкімі баспасөз мәслихатын өткізді.
Аталмыш көпір 1965 жылдан бері ойықтардың жамалғаны болмаса, дені дұрыс жөндеу көрмепті. Қазір тақталары бір-бірінен ажырап, астыңғы тіреуіштері шытынап кеткен. Көпірдің жөндеуге 5 млрд. теңге шамасында қаражат жұмсалмақ. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң су жаңа көпір бұрынғыға қарағанда бірнеше метрге кеңейіп, жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақ та пайда болмақ. Сонымен қатар жырықтандыруға да мән берілетін болады.
Сала мамандарының таратқан ақпаратына сүйенсек аталмыш ауданда жол кептілісі орын алмас үшін 5 маңызды көшенің жолдары жөнделген. Ал құрылыс жұмыстарының салқын түсе қолға алынуының өзіндік себебі бар. Қыс мезгілінде көпірді бұзу шаралары жасалса жылы маусымда қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ.