0:00 / 0:00
Бір айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқушылар мен ата-аналарды биыл білім беру процесінің қалай ұйымдастырылатыны алаңдатып отыр. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушылары мен студенттерге білім беру процессін дәстүрлі форматта оқыту үшін дайындықты қамтамасыз етуді тапсырған-ды.
Жер жаһанды әуре -сарсаңға салған коронавирус пандемиясы білім беру процесіне де айтарлықтай өзгерістер енгізді. 2019-2020 оқу жылында оқушылар мен студенттер онлайн білім алса, өткен оқу жылында ауылдық жерде оқитын балалар дәстүрлі форматта оқып, эпид. ахуалы күрделі аймақтың оқушылары аралас форматта оқыды. Биыл оқыту процесі қалай ұйымдастырылады деген сұрақ ата-аналар мен оқушыларды, студенттерді толғандырып отыр. Білім және ғылым министрлігі өңірлерде дәстүрлі оқыту форматында жұмысты жалғастыру үшін дайындық басталды деп хабарлайды. Соңғы шешім ведомство аралық комиссия мен өңірлердің санитарлық дәрігерлері қаулысының негізінде қабылданбақ.
Министрлік өкілдері оқушылар дәстүрлі форматта оқыса, мектеп формасын киюі керек дегенді айтады. Және мектепте вирустың таралуын болдырмас үшін бұқаралық, спорттық шараларды ұйымдастыруды азайтып, оқушылар бір сыныпта бетперде киіп оқымақ.
Пандемия елдегі біраз қордаланған проблема мен қағаз жүзінде ғана орындалған жұмысты көрсетіп берді. Еліміздің оқушылары жаппай онлайн оқуға көшкенде интернеттің жылдамдығынан зардап шеккен ауылдық оқушылар біраз қиналып, әлеуметтік мессенджерлер арқылы оқығаны да есімізде. Атқамінерлер осыдан сабақ алып, білім беру мәселесіне назар аударып, елдің ертеңі үшін аянып қалмайды деп сенейік!
Сурет liter.kz сайтынан жүктелді.