Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында "Мемлекеттік тіл-Тәуелсіздік символы" атты жалпыхалықтық тіл фестивалі өтті. Мерекелік шара тілдер күні қарсаңында ұйымдастырылды. Шара барысында тілдің дамуына үлес қосып жүргендер тілдер комитеті мен өңір басшысының алғыс хатымен марапатталды.
2017 жылы елімізде тілдер күні 5 -ші қыркүйекке Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай ауыстырылды. Бұған дейін қазақстандықтар тілдер мерекесін 22-қыркүйекте атап өтіп жүрді. Тілдер күні қарсаңында қазақ драмма театрында фестиваль өтті.
Жиында сөз алған облыс әкімі көрші елдің бірнеше облысымен шектесетін Ақжайық өңірі тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеруіне қатысты жаңсақ пікірдің барын айтып, облыс ән мен жырдың ордасы екенін атап өтті.
Тілдер фестиваліне көршілес Самара, Саратов, Орынбор, Қорған облысында тұратын қандастарымыз ана тілін үйрену үшін келген. Олар он шақты күн қазақ тілін үйреніп, мамандардан дәріс алмақ. Сала мамандары қандастарымыздан бөлек батысқазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді білетінін айтады. Зерттеу өткен жылы жүргізілген. Жыл сайын мемлекеттік тілді, ресми және ағылшын тілін үйрету үшін бюджеттен қаржы бөлініп, арнайы сабақтар ұйымдастырылады. Мамандар мемлекеттік тілді меңгеруді қолға алған жандардың арасында өзге ұлт өкілдері көп екенін айтады.