0:00 / 0:00
Оралда апатты деп танылған және тозығы жеткен үйлер көп. Жыл сайын билік шатырынан су кетіп, қабырғасы қақырап тұрған баспаналарда күнелтіп отырған азаматтарды жаңа үйге көшіру үшін жұмыстанып жатыр. Десек те, әлі күнге дейін жанын шүберекке түйіп отырған отбасылар жетерлік.
Бұл -қаланың қақ ортасында орналасқан Темір Масин көшесі 65 мекенжайында орналасқан тұрғын үй. Біраз жыл бұрын осы үйді мамандар апатты деп таныған. Қазіргі таңда адам өмірі үшін қауіпті баспанада ондаған отбасы күнелтіп отыр. Олар жағдайдың мәз емес екенін айтады. Тұрғындарға мердігер компанияның басшылары келіп жолыққан. Арендалық үй беру туралы ұсыныстарын айтыпты. Тұрғындар бұл ұсынысқа қарсы. Себебі жалғыз баспанасы апатты деп танылған үйдің иелері жалдамалы пәтерге көшкісі келмейді.
Осы секілді Орал қаласында апатты деп танылған 50 үй бар. Солардың бірі-Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан мына баспана. Осы үйдің 8 тұрғынын арендалық үйге көшіріпті. Жаңа тұрғын үйді КПО БИВИ компаниясы салған еді.
Жалпы облыс орталығында 1248 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның елуі апатты деп танылса, 300 баспананың тозығы жеткен. Сала мамандары апатты үйлердің санын азайту мақсатында жекеменшік-серіктестік аясында жаңа баспана салуды қолға алды. Бағдарлама 2015 жылы іске қосылды. Күні бүгінге дейін 27 апатты баспана сүріліп, оның орнына 9 жаңа көпқабатты үй салынды. Қазіргі таңда 10 көпқабатты баспананың құрылысы жүріп жатыр.