0:00 / 0:00
Енді аталмыш бағдарламамен тұрғын үй алуға берілетін несиенің бастапқы жарнасы 20 пайызды құраса жеткілікті. Ал бұрын жарна 30 пайыз болып келген еді. Бұл жөнінде бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ БҚОФ директорының міндетін атқарушы Айгүл Наурзалиева мәлімдеді. Енгізілген өзгерістер-халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын баспанамен қамтуды көздеп, әр отбасыға тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
-"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін жағымды жаңалық. "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізіліп отыр. Енді салымшылардың жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген заемді алуы үшін шоттарында үй бағасының 20 пайызын құрайтын бастапқы жарна болса жеткілікті. Банк салымшыларына мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген Зашаған кентіндегі жаңа дамып келе жатқан "Көктем" атты ықшамауданнан тұрғын үй ұсынуға әзір. Мұндағы пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы 131000-140000 теңге аралығында",-дейді "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ БҚОФ директорының міндетін атқарушы Айгүл Наурызалиева.
Бір бөлмелі пәтердің бағасы 5 млн. 639 мың теңгені құраса, бастапқы жарна 1 млн. 127 мың теңге болуы тиіс. Несие бойынша ай сайынғы төлем алғашқы 8 жылда 41 мың теңгені құраса, кейін ол 26 мың теңгеге төмендеп, тағы 11 жылда өтеп отыруға бөлінеді. Алдағы 2 жылда бағдарлама аясында тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары үшін 1903 пәтерден тұратын 13 үй салынбақ. Бұл өткен жылдарға қарағанда 2 есеге көп.
Банк салымшыларына арналған тағы бір бағдарлама "Өз үйім" деп аталады. Қатысушыларға жылдық мөлшерлеме 7 пайызға, алғашқы жарна 20 пайызға төмендеп отыр. "Өз үйім" бағдарламасының артықшылығы-банк қатысушылардың меншігінде мүліктің бар-жоғына қарамайды.