Батыс Қазақстанда науқас аурухананы өртеп жіберді. Оқиға Тасқала ауданында тіркелді. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, 17 ақпан күні сағат 5.41-де өрт сөндіру бөліміне Тасқала аудандық орталық ауруханасының екінші қабатында 8 палатаның өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Өрттің шығу себебі: 42 жастағы науқас төсенішке от қойып, өзі екінші қабаттың терезесінен секіріп, ізін суытқан. Өрттің ауданы 15 шаршы метрді құрады. Тілсіз жауға 06.16-да тосқауыл қойылған. Қызыл жалынды жоюға үш техника мен 11 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Осы орайда БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Белгібеков құқық бұзған Тасқала ауылының 1978 жылы туған тұрғынын құрықтап, облыс орталығындағы психиатриялық ауруханаға орналастырылғанын мәлімдеді. Тергеу амалдарын Тасқала Пб жүргізуде. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-б. бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.