Маңғыстау облысы Жаңаөзен ауданының соты "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС бұрынғы директоры Болат Байшуақовқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Антикор.Байшуақов кәсіпорынның сеніп тапсырылған мүлкін аукцион өткізбестен заңсыз сату және түскен қаражатты иемдену арқылы ірі мөлшерде жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.