0:00 / 0:00
Осы жолы жомарт жандар 25 баланы мектепке дайындауға көмектесті. Атап айтқанда құрал-жабдықтар салынған сөмке мен мектеп формасын алып берді. Акцияның негізгі мақсаты-баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу. Сонымен қатар, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға нақты көмек көрсету болып табылады.
"Ел және мұғалім" газеті өңірдегі ұстаздардың еңбегін көрсетіп жазған мақаласын жариялап, жарыққа шығарады. Басты мақсаты- ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы болған – ұстаздардың еңбегін көрсету. Оған қоса ұжымның өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында көмекті қажет ететін отбасыларға қолдау білдіріп келеді. Биыл да дәстүрден жаңылмай, көп балалы отбасыларға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формасын алып берді. Газет қызметкерлері аяқтай білім ошақтарын аралап, мектеп оқушыларына табыстады.
Жалпы, нөмірі 50-ші ЖООБМ-де жаңа оқу жылын 1400-ге жуық оқушы бастағалы тұр. Соның ішінде 43 отбасы, яғни 130 оқушы аз қамтылғандар санатында. Мемлекет тарапынан аталмыш білім ордасына аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 1 млн. 700 мың теңге бөлінген. Оған қоса меценаттар мен демеушілердің көмегі бар. Соның арқасында көмекке мұқтаж отбасылармен жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде.
"Мектепке жол" қайырымдылық акциясы жыл сайын ұйымдастырылады. Басты мақсаты- көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту. Қайырымдылық акциясы барысында мұқтаж балаларға қажет мектеп формасы, спорт киімдері мен мектепке қажеттi оқу құралдар табыс етіледі.