Оралда апатты деп танылған мектептің сүрілгеніне бір жыл болса да, жаңа ғимараттың құрылысы әлі басталмады. Оқушылар кезекті оқу маусымын басқа білім ордасының балаларымен бірге тағы қарбаласа өткізуге мәжбүр. Ең алаңдатарлық жайт, жеткіншектер күн сайын теміржолды кесіп өтеді. Айналма жол ат шаптырым жерде. Алаңдаған ата-аналар құрылысты тездетуді талап етіп отыр. Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, жобаны инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланған. Алайда кейін келеңсіздіктер туындаған көрінеді.Таудай үйілген қоқыс, көк-шаң, ат бауырлайтын қалың шөп, теміржол. Мектепке баратын жолдың сиқы – осы. Балалар сабағына барып келгенше ата-аналар уайымға батып отырады. Әсіресе, теміржол жұрттың жүйкесін жұқартты. Әкімдік жаңа мектеп салынғанша бір жылдай шыдай тұруды сұраған. Алайда түйткілдің тарқатылатын түрі жоқ.Апатты мектепте 400-ден астам бала оқып келді. Қазір соның барлығы жақын маңдағы білім ордасына уақытша көшірілді. Оның үстіне тұтас еңбек ұжымы да осында келді. Дерт дендеген уақытта бір мектепте балалар мен қызметкерлер саны 2 есе көбеюі алаңдатады. Ал таршылық қашанға дейін созылатыны белгісіз екенін ескерсек, жағдай тіптен қорқынышты. Жаңа мектеп ғимаратын инвестордың есебінен салу көзделген. Құрылыс былтыр басталуы тиіс еді. Әйткенмен іргетасы енді ғана құйылатыны белгілі болды.Апатты мектеп аумағында «Шапағат» оңалту орталығы орналасқан. Инвестор ол ғимаратты да жаңғыртып беруді ойлаған. Алайда әлеуметтік нысан биыл аукцион арқылы басқа компанияға беріліп қойыпты.Инвесторлар болса, жыл соңына дейін ғимараттың бірінші қабатын аяқтаймыз дейді. Ал ата-аналар кемінде тағы бір жылды уайыммен өткізетін болды.