0:00 / 0:00
Орал қаласында алдағы аптадан бастап мектеп асханалары жұмысын бастайды. Бұл туралы шаһар әкімдігінің мамандары мәлімдеді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптарға ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша Бөрлі және Шыңғырлау аудандарынан басқа аудандардың білім беру бөлімдері жергілікті санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен бірлескен түрде жұмыстар жүргізуде.Ыстық тамақты ұйымдастыру кезінде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезеңінде білім беру ұйымдарында тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен асхана орнының 30 пайыз толымдылығы қамтамасыз етіледі. Орал қаласындағы 51 мектеп асханасы алдағы аптаның дүйсенбісінен бастап жұмысын бастауға дайын. Орал қаласында биыл 46 мектептің асханасы МЖС аясында жаңартылған. Солардың бірі қалалық №26 жббом асханасы. Тамақтану орнындағы барлық құралдар мен тағам дайындауға қолданылатын құрылғылар толықтай заманғы сай ауыстырылған. Бүгінде аталмыш білім ордасындағы кезекші топтардағы 464 оқушы ыстық тамақпен түгелдей қамтылатын болса, 56 аз қамтылған отбасының балалары тегін тамақтанатын болады.Қазіргі уақытта Бөкейорда, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Теректі, Тасқала, Жәнібек аудандарындағы білім ордаларында және 1 облыстық мектепте ыстық тамақ беру ұйымдастырылуда. Басқа да білім беру нысандарында тамақтануды ұйымдастыру мәселелері шешіліп жатыр.