0:00 / 0:00
Орал қаласында қиын жағдайға тап болған жандарды қабылдау орталығының тұрғындарын эвакуациялауға тура келді. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылды деген хабар түсіп, барлық орган қызметкерлері аяқтарынан тік тұрды. Орталық маңы қоршауға алынып, адамдар қауіпсіз жерге шығарылды. 2 сағаттан астам иіс сезгіш иттермен тінту жүргізген полиция қызметкерлері ешқандай жарылғыш зат таппады. Есесіне жалған хабар беріп, елді дүрліктірген бүлікшіні қолға түсіріп, іс қозғап жатыр.
Кешкі уақытта қоңырау шалған белгісіз әйелдің берген ақпараты бүтін бір ғимаратқа жайғасқан қиын жағдайға тап болған жандарды аяқтарынан тік тұрғызып, түн ішінде көшеде бүрсең қағуға мәжбүр қылады. Полиция қызметкерлері бірден жарылғыш зат қойылды деген орталықты қоршауға алып, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметі де дереу осынан табылады. Жалпы саны орталықта түнеп жатқан 48 адам қауіпсіз жерге шығарылған.
Орталық тұрғындары алғашқыда мән-жайды түсінбей абдырап, тіпті кейбірі жеңіл киіммен сыртқа шығып кеткенін айтады. Тінту іздестіру кезінде барлық зат-мүліктерді мұқият тексерген орган қызметкері ешқандай жарылғыш зат таппаған.
Полиция қызметкерлері көпті дүрліктірген бүлікшіні аз уақытта анықтап, қолға түсіріп отыр. Ол 33 жасар азаматша болып шықты.
Заң бойынша кінәлі тұлға 5000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлға тартылады немесе қоғамдық жұмысқа жолданады, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.