0:00 / 0:00
Оралда коронавирусты жұқтырған тоғызыншы науқас медицина қызметкері болып шықты. Бұл туралы брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті.Оның айтуынша, 49 жастағы медбике «Кумыска» провизорлық стационарында жұмыс істейді. Коронавирусқа шалдыққан адамдармен байланыста болғаннан кейін медбикеден бастапқыда 9 сәуір күні алынған зертханалық сынама теріс нәтиже көрсеткен. Алайда 12 сәуір күні тағы да сынама алынған кезде оның коронавируспен ауырғаны анықталып, науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеке боксқа жатқызылды. Жағдайы қанағаттанарлық, ем қабылдауда. Науқаспен жұмыс орнында тікелей қарым-қатынаста болған 7 адамнан сынама алынды. Оның алтауынан ауру анықталған жоқ. Біреуінің қорытындысы әлі шыққан жоқ. Сонымен медицина қызметкері тұрған «Құрылысшы» шағынауданындағы үйдің кіреберісіне карантин қойылып, науқастың пәтері мен сол маңға тиісті дезинфекция жұмыстары жүргізілген.Оның сөзіне қарағанда, болжам бойынша аталған медицина қызметкері қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланбаған. Мұның бәрі анықталу үстінде.Естеріңізге сала кетеміз облыста бүгінге дейін 9 науқас COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Ал бір науқас аурудан айыққан.