0:00 / 0:00
Біздің елде мәслихат депутаттарын халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Жиырма жасқа толған Қазақстан азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Маслихат депутаттары өңірдің даму барысына белсене араласып, халықтың мүддесін қорғау үшін қажет. Аймақ бюджетін бөлуге де маслихаттардың батасы керек. Алайда, олар Парламент депутаттары сияқты миллионға жуық айлық алмайды. Бұл қоғамдық жұмыс болып табылады. Елордада өткен форумда мемлекет басшысы маслихат депутаттарының біліктілігін арттыру керектігін алға тартты. Олардың сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формалды түрде өтеді деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ «Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет».
Сондай-ақ, президенттің маслихат жұмысына көңіл толмай тқрған бір тұсы- халықпен тікелей байланыс жасай білуі керек. Қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Бұл орайда Тоқаев маслихат депутаттарына жоғары заң шығарушы орган-Парламент Мәжілісінің депутаттарынан үлгі алуға кеңес берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ «Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формалды түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды. Осылайша мәслихаттар жария саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналады.Сонымен қатар мәслихат депутаттары азаматтар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстауы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдалануға тиіс. Үнемі сындарлы пікірталастар өтіп, нақты шешімдер әзірленетін Мәжілістен үлгі алу керек».
Әрине маслихаты мықты өңірде әкімі де ширақ қозғалып, халықтың талабы орындалатын еді. Әкім бол, халқыңға жақын бол қағидасын өңір басышларының бәрі бірдей сақтап отыр ма? Мемлекет басшысы қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары. Әкімдер халқыпен ашық диалогқа дайын болуы керек деді.
«Бұл – заңды құбылыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендердегі әкімдердің жұмысына қатысты пікірін айтты
Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай, - деді Мемлекет басшысы.
Форум барысында Президент қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатқанын атап өтті. Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Ал жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар да белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет, — деді Президент.