0:00 / 0:00
Мас күйде көлік жүргізген шенеунік жұмысынан айырылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметкер Азамат Есенов ішімдік ішіп, автокөлікті тізгіндегені үшін полиция қызметкерлерінің қолына түскен. Тәртіп бұзушылық Ақсай қаласындағы өнеркәсіп аумағы ауданында түнгі сағат бірлер шамасында анықталған. Ішімдікке сылқия тойып, көлік басқарған ҚР ТЖ министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Азамат Есеновты тәртіп сақшылары қолға түсірген. Тексеріс кезіндегі медициналық куәландыру бойынша оның орта дәрежелі мас күйде болғаны анықталған. Шенеуніктің бұл әрекеті 3 ақпанда тәртіптік кеңесте қаралды.ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде белгіленген қызметтен тыс уақытта мінез-құлық стандарттарының талабын сақтамағаны, яғни көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін А.Есеновке мемлекеттік лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде ҚР Төтенше жағдайлар министріне ұсыныс беру туралы шешім қабылданды.Өткен жылы 5 шенеуніктің мемлекеттік қызмет атына кір кілтіргені анықталса, 9 мемлекеттік қызметкер әдеп нормаларын бұзғаны белгілі болды. ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өндірісінде қаралған 6 мәселе бойынша заң бұзушылық анықталмай, іс тоқтатылыпты.