0:00 / 0:00
МӘМС жүйесіне қатысты қоғамда сын көп. Депутаттар да толық зерттелмей енгізілген жүйе деп есептейді. Тіпті оны тоқтата тұруды да ұсынғанды. МӘМС енгізілгелі тапқан табысының 2 пайызын қорға аударып жатқандар сапалы медициналық қызмет алып жатқан жоқ. Қолжетімділік жоқ. МӘМС-тен мән кетті, бұл жүйенің қажеті жоқ деген сыни пікірлер мен уәждер жиі айтылуда. Бүгінде 3 миллионнан астам қазақстандық бұл жүйеден тыс қалған. Тегін медициналық көмек ала алмай отыр. МӘМС-тің жарнасын төлеушілер арасында әділетсіздік бар деген еді халыққалаулылары. Мысалы 1,5 -3 млн теңге айлық алатындардан тек 850 мың теңгеден ғана жарна ұсталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы осы санаттағыларға қатысты МӘМС жарнасының шекті мөлшері көтерілуі мүмкін дейді. Қазір шекті мөлшер 10 минималдық айлық болса, соны 50 минималдық айлыққа дейін көтеру қарастырылуда.
Елімізде 850 мың теңгеден көп жалақы алатындар саны 500 мыңнан асады. Яғни аталмыш өзгеріс халықтың тек 9 пайызына ғана қатысты болып отыр. Осылайша айлығы көптер, МӘМС-ке де көбірек төлейтін болады. Ал қор басшысы Сқақовтың айлығы 1 млн 400 мың теңгені құрайды.
ӘБІЛҚАЙЫР СҚАҚОВ - ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ «Қордың топ менеджерлері бонус алады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Олар соңғы 3 жылда ешқандай бонус алған жоқ. Жылына бір рет алатын 650-700 мың тг көлеміндегі сыйақысы бар. Ал менің айлығыма келсек, таза қолыма 1 млн 400 мың теңге аламын».
Бұған дейін МӘМС-ті реформалауға қатысты петиция жарияланған болатын. Бастамашы топтың талабының бірі- бірнеше жерде жұмыс істейтін адамның тек бір айлығынан ғана МӘМС жарнасын аударуды ұсынғанды. Қор басшысының айтуынша, МӘМС жарнасына төленетін соманың жоғары шегі бар. Тіпті бірнеше жерде жұмыс істеген күннің өзінде ай сайын 17 мың теңгеден артық төлемейді. Өйткені МӘМС жарнасы алынатын ең жоғары табыс 850 мың теңге деп белгіленген. Сондай-ақ, петиция авторлары кәсіпкерлерді табысы тоқтап тұрған кезде МӘМС жарнасын аударудан босатуды ұсынды. Бұл жағдайда кәсіпекр өзінің қызметін уақытша тоқтатуға хақылы. Қызмет тоқтатылса, салық пен МӘМС жарнасы, тиісті декларация да тоқтатылады, - деді Әбілқайыр Сқақов.