0:00 / 0:00
Ойынқұмарлықпен күресті күшейту, ойын бизнесін реттеуге арналған заң жобасы мәжіліс депутаттарының бастамасымен қолға алынған. Депутаттардың мәліметінше, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал, оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған.
Міне осындай сұмдық деректер лудоманияның қоғам дертіне айналғанын көрсетіп отыр. Былтыр Алматы облысында ойынқұмардың әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндіргенді. Лудомандардың өз-өзіне қол жұмсап жататын деректер де бар. 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам суицид жасап, қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Бейсенбаевтың айтуынша, ойынқұмарлық әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқаны мәлім. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де – ойынқұмарлық дерті болатын.Қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар.
Халыққалаулыларының мәліметінше, ойын нарығы айналысында үлкен қаражат айналып жатыр. Былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Яғни ойын бизнесінің өркендеуіне мүдделі топтар қызыушылық танытып отыр дейді депутаттар. Аталмыш заң жобасында букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Үйлердің сыртына, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, барлық БАҚ-да, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады. Сондай-ақ, белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым болады. Тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана жарманалауға рұқсат етіледі. Ойында 25 жастан бастап ғана бәс тіге алады. Алимент төлемей жүргендер және несиелік қарызы бар азаматтар құмар ойынға бәс тіге алмайды.
Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді. Ал осы тиымдарға жол берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатылады. Заңсыз онлайн казино ұйымдастырғандарға жаза күшейіп отыр. Мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартады, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, сол мерзiмге бас бостандығынан айырады. Білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.