Қызылшадан сақтаңыздар! Соңғы уақытта Еуропа елдерінде қызылшамен науқастанған жандардың саны артып отыр. Сала мамандары келтірген дерекке сүйенсек, 2018 жылдың 1-ші қарашасында 70 мыңнан астам азамат осы сырқатқа шалдыққан. Науқастардың 38 мыңдайы Украина елінің азаматтары екен. Өкінішке орай қызылшаман ауырған азаматтардың 68-і мерт болыпты. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының өкілдері орын алған жағдайды дертпен күресетін вакцинаның аздығымен түсіндіріп отыр. Еліміздің аумағында өткен жылы 968 азамат қызылшамен науқастанған. Сала мамандары бұл дертке уақытылы екпе алмаған балалар жиі шалдығады деседі. Облыс көлемінде бұл сырқат 3 жылдың көлемінде тіркелмеген. Осы тұста ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде деген мақал еріксіз ойға оралады. Әлі күнге дейін бірегей емдеу жолы табылмайтын тұрған қызылшадан сақтану үшін уақытылы екпе алу қажет.