0:00 / 0:00
Қызылорда облысында таңда орын алған жол-көлік апатында 8 адам көз жұмды.3 желтоқсан күні Қызылорда-Құмкөл тас жолында 50 шақты адам мінген автобус аударылып, сегіз адам көз жұмды, 21 адам зардап шекті. Қызылордадан 85 километр жерде көктайғақтан жүргізуші рөлге ие бола алмаған. Автобус жолдан шығып кетіп, төңкеріліп қалған. Жарақат алғандар ауруханада ем алуда. Бұл жайында бүгін үкімет дәлізінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев хабарлады.
Бүгін таңғы сағат бес шамасында "Қызылорда-Құмкөл" тас жолында қайғылы оқиға орын алды. Мұнай компаниясына қарасты автобус жолаушыларды Құмкөлге жұмысқа апара жатқан жерінде жүргізушісі көктайғақтан рөлге ие бола алмай, аударылып қалған. Салдарынан 8 адам қаза болып, 21 адам жарақат алды.
Ерлан Тұрғымбаев – ҚР ішкі істер министрі; «Қызылорда-Құмкөл тас жолында көктайғақ болып, жұмысшыларды жұмысқа апара жатқан автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, аударылып қалды. Салдарынан жолаушылардың бір бөлігі әртүрлі жарақат алды. Қазір ол жерде тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Төтеншеліктер мен дәрігерлер тобы, санавиация сол жақта. Қазіргі мәлімет бойынша 8 адам көз жұмды.»
Министрліктің мәліметінше, автобустағы жолаушының барлығы Қазақстан азаматтары, шетелдіктер жоқ. Көлікте балалар болмаған. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, алты адам ауыр хәлде облыстық ауруханаларға жатқызылды.
Жүргізуші тірі ме, жоқ па әлі белгісіз. Ақпарат тексеріліп жатыр.Жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Егер автобус жүргізушісінің жол ережесін бұзғаны дәлелденсе, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейін айырылуы ықтимал.