Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

«Қызыл» аймаққа ену қаупі бар

c 16:16, 20/01/2021 c 359

0:00 / 0:00

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев коронавирусқа қарсы жедел штабтың кезекті отырысында тұрғындарға карантиндік шектеулерді қатаң ұстануды ескертіп, жауапты мекемелерге түсінік жұмыстарының қарқынын үдетуді тапсырды.Осы аптаның сейсенбісінде облыс әкімдігінде өткен штаб жиынында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев соңғы күндердегі облыстағы эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейтінін мәлімдеді. Ағымдағы жылдың қаңтар айының 1-18-і аралығында өңірде жұқпалы індет жұқтырудың 764 оқиғасы тіркелген. Соның ішінде ауру белгілері бар науқастар қатары көбейгенін айтқан департамент басшысы аудандар бойынша да ауру жұқтыру көрсеткіштерін атап көрсетті.– Науқастардың 49 пайызы жедел респираторлы вирусты инфекция белгілерімен емханаға өздері барып, медициналық көмекке жүгінген. Оларға ПТР-тестілеу жүргізу кезінде коронавирус жұқпасы анықталған. Бұлардан бөлек 26 пайызы – бұрын ауырған адамдармен байланыста болғандардан, жиырма пайызы – басқа елді мекенге кетер алдында ПТР-тестілеуден өткендерден,бес пайызы – ауруханаға басқа аурулармен ем алу үшін барғандардан анықталып отыр, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.Бұдан әрі облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қауіпті індетті жұқтыру фактілері түрлі мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерлерден көптеп анықталғанын айтты. Тағы бір айта кетерлігі, тұрғындардың адамдар көптеп шоғырланатын орындарға баруы азаймай тұр. Бұған ауруға шалдыққандардың 30 пайызының індетті осындай орындардан жұқтыруы дәлел бола алады. Облысымыздағы ПТР-тестілеуді жүзеге асыратын 12 зертханада қаңтар айының басынан бері 33 мыңнан астам тестілеу жүргізілген.БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков емханалар жанындағы дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы баяндады. – Дағдарыс орталықтарының міндеті – тәуекел тобындағы диспансерлік есепте тұрған емделушілермен және 65 жастан асқан тұлғалармен хабарласып тұру, дәрілік препараттарды қабылдау бойынша кеңес беру, карантиндік режимді сақтау және нашарлау белгілері бойынша дәрігерді үйге шақыру жөнінде ақпараттандыру. Орталықта жалпы тәжірибе дәрігері, психолог, эпидемиолог және қажет болған жағдайда өзге де дәрігерлер қызмет көрсетеді. Коронавирустық белгілер байқалған науқастар туралы ақпарат мобильді топқа беріледі, – деді Арман Талғатұлы. Жұқпалы аурулар стационарларындағы қазіргі ахуалдан хабардар еткен басқарма өкілі биыл жаңа модульді аурухананың іске қосылуымен жұқпалы ауруларға арналған орын саны 579-ға ұлғайғанын жеткізді. Бүгінде 300 науқас жатқызылған барлық жұқпалы аурулар ауруханаларының толығу деңгейі 51,8 пайызды құрапты. Бұл денсаулық сақтау мекемелерінде 62 реанимациялық төсек жасақталып, 22 науқас ем алуда. Өз сөзінде облыстың бас дәрігері көп жағдайда науқастардың ауруын асқындырған күйде медициналық көмекке жүгінетіндерін мәлімдеп, тұрғындарды қауіпті індеттен барынша сақтануға шақырды.Жиында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков облыс орталығындағы мониторингтік топтардың жұмысы, карантиндік режимді бұзу жағдайлары, тексеріс іс-шаралары, қоғамдық көліктердегі санитарлық талаптардың орындалуы туралы баяндады. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы туралы мәлімет берді. Сондай-ақ эпидахуал бойынша жағдай күрделенген Ақжайық және Бәйтерек аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар тыңдалды.Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы эпидемиологиялық статистика бойынша Батыс Қазақстан облысына «қызыл» аймаққа ену қаупі төніп тұрғанын жасырмады. – Күн санап облысымызда ауру жұқтырғандар саны артуда. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, наурыз, сәуір айларында олардың саны тіптен көбеюі мүмкін. Демек, өткен жылдың жаз мезгілінде орын алған жағдай қайталануы ықтимал. Жағдайды зерделесек, «қызыл» аймақтардың қатарына кірудің аз-ақ алдында тұрмыз. Егер тұрғындар бізді қолдамаса, өкінішке орай, жағдай күрделене түседі. Ондай жағдайда карантиндік шектеулерді әлі де күшейтеміз, – деп ескертті облыс әкімі. Сәйкесінше, карантиндік талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді және тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын қарқынды деңгейде жалғастыруды тапсырды.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.