0:00 / 0:00
Қазталов ауданына қарасты Қайыңды ауылында "Қызғалдақ-2022" фестивалі өтті. Шренка қызғалдағының Отанында тұрғындар арасында спорттық сайыс, бәйге, көрме ұйымдастырылды.
Қайыңды даласында өсетін Шренк қызғалдағы- әлемге әйгілі Голланд қызғалдағының арғы атасы. Лалагүлдер тұқымдас өсімдік қызыл кітапқа енген.
Қызыл кітапқа енген қыр гүлін жұлуға болмайды. Десек те, бұл ережені ұстанып жатқандар аз. Қайыңды ауылында өткен фестивальге арнайы келген меймандар даланың сәнін келтіріп тұрған қызғалдақтарды аямай жұлып жатты. Меймандардың көбі бір-екі әдемі кадр үшін осындай қадамға барды.
Қайыңды жерінде өсетін қызғалдақты насихаттау үшін арнайы фестиваль ұйымдастырылып жүр. Екі жыл пандемиядан соң қазталовтықтар Қайыңдыда бас қосты. Балуандар боз кілемде айқасып, қылқалам шеберлері сурет салып, шеберлер туындыларын бұқара халыққа таныстырды.
Сала мамандары бір тал қызғалдақты жұлғанда 300-дей өсімдіктің өміріне балта шабатынын айтады. Қызғалдақтың табиғи жағдайда гүлдеп шығуы үшін 10 жылдай уақыт керек. Ғалымдар егер қызғалдықты қорғауды қазір қолға алмасақ, келешек ұрпақ қыр гүлін тек суреттен ғана тамашалай алады деп дабыл қағуда.