0:00 / 0:00
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап қылмыстық атқару жүйесін оңтайландыру үшін үш буынды жүйені іске қосты. Аталмыш жүйе азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға атсалыспақ. Қазіргі таңда қылмыстық істің құжаттары электронды форматта қаралуда.
Азаматтардың ата заңмен бекітілген құқығын қорғау мақсатында қылмыстық процесс жүйесінде үш буынды модель жүзеге асып жатыр. Қылмыстық іс қозғалған сәттен бастап прокурорлардың бақылауында болады. Тергеушілер қандай да бір шешім қабылдар тұста, прокурорға электронды форматта өтініш жолдайды.
Жаңа модуль құқық қорғау қызметкерлерінің уақытын үнемдеуге көмектеспек. Өңірдің бас прокуроры бұрындары тергеушілер прокурордың санкциясын алу үшін біраз уақыт жұмсайтынын тілге тиек етті. Енді жаңа модуль аясында қылмыстық істі тергеп-тексеріп жатқан полиция қызметкерлері электронды форматта өтініш беріп, бір күннің немесе 10 күннің ішінде жауабын алуы тиіс.
Облыстың бас прокурорының пәрменімен қылмыстық процестің үш буынды моделін жүзеге асырып, азаматтардың құқығы аяққа тапталмасын қадағалау үшін арнайы мониторингтік топ құрылған. Білікті мамандардан құралған топ қазір 4000-нан астам қылмыстық істі қарап, 250 істегі қабылданған шешімнің заңсыз екенін анықтапты.