Батыс Қазақстан облысында 7 қарашада балықшылар синоптиктердің болжамдарын ескермей, көлге шығып кеткен. Дауылды ауа райында ақаулы жүзу құралдарын қолданып, салдарынан көлдің қақ ортасында қалып қойыпты. Осылайша, БҚО ТЖД құтқарушыларының күшімен 16 сағат 15 минутта Теректі ауданы Сарыөмір ауылындағы Шалқар көлінен балық аулауға шыққан екі азамат жағаға шығарылды. Олар қатты желдің әсерінен және қайық моторының сынып қалуынан көлдің ортасына дейін ұзап кеткен. Екі балықшы да зардап шекпеген, дін аман. Жалпы өңірде жыл басынан бері 3 балықшы суға батып, 5 адам құтқарылды.