Орал қаласында осыдан 3 жыл бұрын қалың қарға шыдас бермей шатыры опырылған үйдің орнына жүргізілуі тиіс құрылыс жұмыстары әлі басталар емес. Содан бері қысқы мезгілде иесіз тұрған Мұхит 124/2 мекенжайында орналасқан осы үйдің шатырынын сырғып құлаған қар тұрғындардың зәре-құтын қашырып келеді. Редакциямызға хабарласқан жандар тезірек мәселе шешілсе дейді.Үш жылдан бері бұл үйдің байырғы тұрғындары мемлекет ұсынған пәтерде тұрып жатыр. Олар да өз баспаналарының кілтін алатын күнді асыға күтуде. Әйткенмен, мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында бой көтеруі тиіс көп қабатты үйдің құрылысы басталар емес. Тіпті апатты үй орны тазаланбай, қысы-жазы кезбелердің паналайтын орнына айналған.
Апатты жағдайдан соң жатаған үй қараусыз қалды. Оның зардабын көршілері тартуда. Осы үйден жазда өрт шығып ,төтеншеліктерді әбден әбігерге салса, енді қыста шатырына жиналған қар қасындағы үйлердің аумағына түсіп, мәселені одан әрі ушықтырған. "Қауіпсіздік үшін ескі үйдің ғимараты сүрілуі тиіс",- деп санайды тұрғындар. Естіріңізге сала кетеміз, апатты жағдай 2019 жылы ақпанның 8-нде болды. Тұрғын үй 1978 жылы салынған. 13 пәтерде 11 отбасы тұрды. Негізінен түзету режимі мекемесінің қызметкерлері.