0:00 / 0:00
Теректі ауданында үш қабатты тұрғын үй құрылысында қызмет атқарған бірнеше жұмысшы компания басшысынан маңдай тер еңбек ақысын ала алмай жүр. Мұндай жағдай осымен екінші мәрте қайталанып отыр. «Арс билдинг» ЖШС мекемесінің басшысы Бахтияр Мырзағалиев құрылысшыларға 2022 жылдың шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларының жалақысын төлемей келеді. Атқа мінердің құр уәдесінен шаршаған азаматтар соттың көмегіне жүгінді.
Осылайша, ақтөбелік компанияның жалақыны уақытылы төлемеу әрекеті өткен жылдың жазында да орын алған. Бұл істен хабардар заңгер Бауыржан Ахметжан мемлекеттік сатып алу порталы арқылы құрылысты мойнына алған «Арс билдинг» компаниясына тапсырыс берушіден аударылатын қаржы дер кезінде жіберіліп отырғанын жеткізді. Бүгінге дейін еңбек дауын сотқа жеткізбей бір жақты шешудің жолы болған. Десе де, бұл мәселеде бірқатар құқықбұзушылыққа көз жұмған жағдайлар кездеседі. Оның ішінде техникалық қауіпсіздік шаралары мен салық төлемдері бар.
Соған қарамастан, Теректі аудандық соты бұл мәселенің нүктесін нақты қойған жоқ. Өйткені «Арс билдинг» ЖШС мекемесінің заңгері сот залында бейбіт жолмен келісім жасалатынын мәлімдеді. Оның аясында жалақы мәселесін көтерген жұмысшылардың талабы орындалады.