Батыс Қазақстанда соңғы бес жылда орман мен далаға төгілген табиғатқа зиянды заттар 33 мың тоннаға азайған. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында департамент басшысы Ербол Қуанов мәлімдеді.Облыста құрылыс қалдықтарын өңдейтін ешқандай кәсіпорын жоқ. Салдарынан пайдаланылмай жатқан жер учаскелері қоқыс орындарына айналып отыр. Бұл әсіресе Орал қаласы маңындағы үш аудан мен Ақсай қаласында күрделі проблемаға айналған. Бүгінгі күні облыс аумағында иесіз қалдықтармен ластанған 14 учаске бар.Ақжайық өңірінде жер қойнауын пайдаланушы бірнеше компания бар. Өндірістен шығатын қалдықтар, әсіресе топыраққа төгілетін мұнай қалдықтары мен химиялық ерітінділер де өзекті мәселеге айналған. Өндіріс ошағындағы қалдықтарды кәдеге жарату кешені табиғатқа зиян келтіретін уыттарды толықтай залалсыздандыруға қауқарсыз болып отыр. Осы және өзге де мәселелердің түйінін тарқату мақсатында департамент пен әкімдік бірлесе арнайы жобаны жүзеге асырмақшы. Оған инвесторлар тарту көзделуде.