0:00 / 0:00
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қол астындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталып жатса, отставкаға кетуге дайын. Өздеріңізге мәлім, күні кеше ел Президенті бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыратын заң жобасына қол қойған болатын. БүгінНұр-Сұлтанға ат басын тіреген Алматы әкімін елордалық журналистер сағынып қалыпты. Баспасөз маслихатына жиналған тілшілердің қарасы қалың болды. 30-ға жуық сұрақ қойылды. Біздің арна тілшілері де әкім Сағынтаевпен өткен брифингке қатысып келген еді. Толығырақ Әселім Қалкен баяндасын.
Әдетте дәстүрлі әкімдер брифингінде зал лық толы журналистерді көрмейсің. Ал оңтүстік астананың әкіміне деген журналистердің қызығушылығы басым болды. 30-ға жуық сұрақ қойылды. Әкім болып тағайындалғанына 5 ай толған Бақытжан Сағынтаевтың қаланы дамыту жоспары әсерлі. Әкім қаланы абаттандыру, ауыз сумен толық қамту, баспана салу, тіпті Алматыны маскүнемдер, нашақорлар мен жеңіл жүрісті қыздардан тазартуды мақсат тұтып отыр. Мегаполис қаланың әкімі болу Сағынтаевқа оңай тиіп жатқан жоқ. Әкім бірталай проблемалармен бетпе-бет келіп жатыр. Алматылықтардың белсенділігін назарға алсақ, Сағынтаевқа өзінің мықтылығын әлі де дәлелдей түсу үшін ұйықтамай жұмыс істеуге тура келіп отыр. Дегенмен, әкім болу Бақытжан Сағынтаев үшін таңсық лауазым емес.
Ал Бәйбекің тиінің тағдырына келсек, бұл арт-нысан 2018 жылдың жазында "Атакентте" орналастырылған еді. Бастапқыда оның бағасы 23 миллион теңге болған. Алайда қазір әйгілі тиіннің тозығы жеткен. Тіпті жаңа әкім экс -әкімнің бұл жобасын алып тастайын деп жатыр деген ақпарат шықты.
Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші басшылардың жауапкершілігін арттыратын заң жобасына қол қойды. Онда қол астындағы қызметкері жемқорлықпен қолға түссе, бірінші басшы қызметінен кететін болады. Алматы әкімі мұндай ерлікке дайын ба?
Бақытжан Сағынтаев – алматы қаласының әкімі; «Егер менің қоластымдағы қызметкерлер заңға тартылып, сотта дәлелденсе, сот үкім шығарса, мен заң аясында отставкаға кетуім қажет. Бірақ президенттің айтуынша, заңдағы норма бойынша отставкаға жіберу-жібермеу мәселесі мемлекет басшысының құзырында. Сондықтан мен заң бойынша әрекет етемін».
Тілшілер қойған сұрақтың тағы бірі, әкімнің жалақысына қатысты болды. Сағынтаевтың айлығы 950 мың теңге екен. Алайда салықты алып тастағанда әкім қолыма 700 мың теңге түседі деп отыр.