Аймаққа іс сапармен келген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрі қарай жаңа алаң мен оқушылар сарайына бет бұрып, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен және жастармен кездесті. Жаңа алаңға жиылған жамағат президентпен емен-жарқын жүздесіп, қол алысып амандасты. Облыс көлемінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде айтып, зиялы қауым өкілдері халықты баспанамен қамту сынды мемлекеттік бағдарламаның мол мүмкіндіктеріне алғыстарын білдірді. Елбасы Оралды - ең таза қала деп, көршілес елдің бірнеше облысымен шектесуінің өзі халықаралық сауда-саттықты дамытуға оң ықпалын тигізерін атап өтті. БҚО-да ауыл шаруашылығы, өндіріс және өзге де салаларды дамытуға үлес қосып жүрген ұлт пен ұлыстың тату-тәтті өмір салтын, береке-бірлігін сақтап қалу маңызды,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
"Қазақстанды бәрі үлгі қылады. Бейбіт, тату-тәтті, бір-бірін жақсы көретін елден көп нәрсе үйренгісі келеді. Бұл біздің үлкен жетістігіміз. Қазақстан халқы ассамблеясы біздің қаншалықты үлкен, көп ұлтты ел екеніміздің дәлелі. Біздің қолымыздан ештеңе келмейді деп айтқандар көп болатын. Ал біз оларға бұлай емесін дәлелдедік. Осы ерекшелігімізді оңды пайдаланып, үлкен жетістіктерді бағындырдық. Бақыт дегеніміз - бейбіт елде өмір сүру",-деді президент өз сөзінде.