0:00 / 0:00
Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал əлі тұрақсыз. Облыста коронавирус ауруына шалдыққан 591 адам жұқпалы аурулар аурханасында, 369 адам провизорлық стационарда емделуде. 92 науқастың жағдайы өте ауыр. Індет жұқтырған адамдар облыс орталығында жəне барлық ауданда анықталды. Ең көбі Орал қаласында - 2100 адам немесе 61,6 пайыз. Бөрлі ауданында - 223, Бəйтеректе - 208 жəне Ақжайықта 141 науқас тіркелген. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте БҚО әкімі Ғали Есқалиев мәлім етті. Брифингте өңір басшысы пандемиямен күресте атқарылып жатқан істерге тоқталды.Науқастар санының артуына байланысты сəуір айынан бері инфекциялық жəне провизорлық стационардағы төсек орындар саны 1125-ке жеткен, яғни 3 есе көбейген. Жуырда облыстық жəне қалалық көпбейінді ауруханаларда қосымша 230 орын дайындалмақ. Қазіргі уақытта өкпеге жасанды жел жіберетін 130 құрылғы бар. Əзірше бұл аппаратқа мұқтаждық туындамаған. Нақтырақ айтқанда, жалпы жағдайлардың 85 пайызы маусым-шілде айында тіркелген. ПТР-тестілеусіз тіркелген жағдайлардың көп екенін де атап өткен жөн. Ешқандай ауру белгілері болмағанымен вирусты тасымалдаушылар бар. Олар ауруды жеңіл өткізгенімен, иммундық жүйесі төмен өзгелерге ауру жұқтыруы ықтимал. Осы орайда жедел жәрдем қызметіне хабарласатындар саны 600-ден 1100-ге дейін өскен. Жағдайға байланысты жедел жәрдем бригадаларының саны көбейтілді. Қазір 61 бригада жұмыс істеп тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 көлікке артық. Қосымша тағы 37 жедел жәрдем көлігі сатып алынатын болады.Пандемиямен күресуде алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге көп күш түсуде. Коронавирус індетінің таралуына байланысты науқастар саны артып, медициналық кадрлардың жетіспеуі өзекті мəселеге айналды. Оларды емдеу барысында ақ халаттылардың өздері қауіпті вирусты жұқтырып ем алып, мәжбүрлі демалысқа жіберілген. Осы орайда медицина саласындағы мамандар жетіспеушілігін жою мақсатында медициналық колледждер түлектері емдеу ісіне тартылатын болады. Ауруханаларға, ең алдымен кіші жəне орта медицина мамандарын тарту мәселесі қаралуда. 15 күннен соң біздің дəрігерлерге 200-ге жуық жаңа медициналық қызметкер көмекке келмек. Өңірде коронавирусқа күніне 1000-дай ПТР зерттеу жүргізіледі. Төрт лаборатория бар, оның біреуі жеке. Зертхана қызметкерлерінің ішінен коронавирус инфекциясын жұқтырғандар да анықталуда. Осы себепті нәтижелердің кешіктірілу жағдайлары тіркелген. Облыста демеушілердің қаржысына медициналық құрлығылар алынып, Ақсайда зертхана ашылған.