0:00 / 0:00
Мемлекеттік қызмет түрлерін ақшаға саудалау қылмыс. Бұл туралы БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің мамандары ескертеді. БҚО - да электронды қолтаңба жасап беремін дейтіндер анықталды дейді мамандар. Олар бұл қызметті ақшаға жасайды. Ал мемлекеттік қызмет түрлерінің бәрі де тегін көрсетіледі. Оны ақшаға жасау барып тұрған жемқорлық, нағыз қылмыс. Сондықтан да департамент мамандары тұрғындарды алаяқтарға жем болмауға шақырады.
Хабарландыруды ашып қалсаңыз электронды қолтаңба жасаймыз, электронды үкімет, егов сайтындағы барлық қызметті алуға көмектесеміз деген ақпараттан көз сүрінеді. ҚР азаматтары үшін еговтағы барлық мемлекеттік қызмет тегін. Электронды қолтаңба алудан бастап, барлық қызмет түрі тегін, әрі қолжетімді.Ол үшін сіз ақы төлеуге міндетті емессіз.Ал, хабарландыруда тұрған жазбалар еңбегі үшін ақша сұрайды.Мемлекеттік тегін қызметті ақшаға жасау алаяқтық әрекет саналады, одан қалса жемқорлық ісі бойынша қылмыс болып есептеледі.Сондықтан да БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл департаментінің мамандары адамдарды мұқият болуға шақырады. Электронды қолтаңба алып беремін, еговтан қажетті дүниені ашып беремін дейтіндерге сенудің арты жақсылыққа апармайды.
Бүгін БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл департаментінің мамандары мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келді. Оған себеп, департаменке осы жақта ақша жасайтындар бар, бағасы мынадай тұрады деген ақпарат жетіпті. Сол ұзын құлақтың сөзіне сенсек, осы жақта орын брондайтындар, электронды қолтаңба жасайтындар, машинаны кезекке қоятындар, шығаратындар бір сөзбен айтқанда бесаспап маман бар көрінеді. Ол адамның қолы да арзан тұрмайды деседі.Бірақ әзірге сол ақша жасағыштарды қолмен ұстап, көзбен көрген ешкім жоқ.Құдды періштедей көкте қалықтап, көмек керек дегендерге ұшып келіп, жәрдемдесіп, межелі ақшаны алып кері ұшып кететіндей. Олар қайда жүреді, қайда отырады, білетіндер бар деседі,бірақ өзіміз ешкімді көрмедік.Ал, жемқорлыққа қарсы департамент мамандары олармен жұмыс жасау қылмыс дейді.Еговтағы тегін мемлекеттік қызметті ақшаға сату алаяқтық бабы бойынша қаралады.Себебі электронды қолтаңбаға қол жеткізген адам кейін небір алаяқтық әрекеттерге барары сөзсіз.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары бұл жақта ақша жасайтындар туралы естідік, бірақ өзіміз де көрмедік дейді.
Ешкімге көрінбей, ақша жасап жүрген жұртты ақшаға жарылқағышты бүгінше таппадық. Жемқорлыққа қарсы іс -қимыл департаментінің мамандары ақша беру де, алу да қылмыс екенін ескертеді.Электронды кезекке тұру, орын брондау,баланы балабақшаға кезекке қою секілді онлайн қызмет түрлерін әркім өзі жасау керек.Оны біреуге жасату алаяқтық дейді.Сондықтан тұрғындарды мұқият болуға шақырады