0:00 / 0:00
Республикалық «Қорғау» жобасының өкілдері Орал қаласына табан тіреді. Биыл еліміздің аумағында азаматтарға заң тұрғысынан көмек беретін жоба өз жұмысын бастады. Мақсат: тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, қазақстандықтардың білім-білігін арттыру. Қорғаудың аяқ-алысы туралы толығырақ, арна тілшісі тарқатып берсін.
Біз өмір сүріп жатқан қоғамда заң тұрғысынан түрлі сауал туындаса болды, оны шешетін мамандар таба алмай, тапсақ та олардың қымбат қызметтері қалтамыз пен жүйкемізді жұқартып жататын жайттар жиі кездесетіні жасырын емес. Сол себепті мыңдаған қазақстандықтың заң тұрғысынан білім-білігін арттырып, қиын сауалдарын шешу үшін «Қорғау» жобасы өз жұмысын бастады.
Азаматтарды қорғап, олардың сауалдарына жауап беруді көздеген жоба аясында әрбір аудан мен қаланың жастар ресурстық орталықтарында арнайы заң кеңсесі жұмыс жасамақ. Тұрғындардың сан сауалына іріктелген заңгерлер мен адвокаттардың алқасына мүше заңгер жауап береді. Жалпы ел аумағында 210 заң саласының маманы еңбектенетін болады.
Сонымен қатар, республикалық жобаның сайты да өз жұмысын бастады. Осы арқылы түрлі сауал толғандырған азаматтар сала мамандарының кеңесін онлайн түрде ала алатын мүмкіндікке ие.