Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ АУЫСТЫ

c 11:18, 01/09/2021 c 317

0:00 / 0:00

Тараз түбіндегі жойқын жарылыстан соң, қорғаныс министрі  Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Өздеріңізге мәлім, Ермекбаев жарылыс орын алған күні, қызметінен кетемін деп мәлімдегенді. «Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкасын қабылдады»,- деп хабарлайды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында. Еске сала  кетейік , 26 тамыз кешкі жетілер шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт шығып, артынша оннан астам жарылыс болды. Белгілі болғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталған.

Өрт салдарынан 15 адам қаза тапты.

Тараз түбіндегі жойқын жарылыс елді есеңгіретті. Әлеуметтік желіде, өрт орнында болған құтқарушылардың   жағдайды баяндаған бейнежазбалары тарап жатыр. Мәлім болғандай, өрт сөндірушілерге әскерилер тарапынан дұрыс ақпарат берілмеген. «Ешбір зат жарылмайды» деген сөзге сенген құтқарушылар апаттың құрбаны болды. Қазір қаза болғандар саны 15 адамға жетті. Қайтыс болғандардың басым бөлігі құтқарушылар. Олардың отбасыларына мемлекет 5 жылдық еңбекақысы көлемінде ақшалай көмек бөлетін болды.  Жарылыс салдарынан жүздеген адам жарақат алды. Соның тең жартысы төтенше жағдайлар қызметкерлері. 29 тамызды Мемлекет басшысы елде Жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялады. Қаншама отбасы асыраушысынан айырылды. Балалар әкесіз қалды. Аналар баласын жоғалтты. Әскери қоймада орын алған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алайда, экс-депутат, генерал Ержан Исақұлов «бұл тергеу еш нәтиже бермейді, алапат жарылыстың себебін табу қиын болады»,- дейді.

Өздеріңізге мәлім, бұл соңғы екі жылдағы екінші жарылыс. Арыс оқиғасынан кейін өзін «кінәлі» деп санамаған қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бұл жолы отставкаға кетуге бел буды. Президент оның өтінішін қабылдады деп хабарлайды Ақорда. Осылайша генерал Ермекбаев қорғаныс министрі қызметінен кетті. Алайда, қаншама адамның өмірін қиған жарылысқа Нұрлан Ермекбаев заң алдында жауап беруі керек деген пікірлер айтылуда. Ол үшін отставкаға кету жеңіл жаза деп отыр. Генералдың айтуынша, бұл қорғаныс министрлігінің тікелей кінәсі.

Ақорда көпке созбай, су жаңа қорғаныс министрін тағайындап та үлгерді.  Мемлекет басшысы бұл орынға Мұрат Бектановты лайық деп тауыпты. 56 жастағы жаңа министр Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Еңбек жолын 1989 жылы әскери саладан бастаған екен. Бүгінге дейін қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы Күштері бас штабының бастығы болды. Енді қорғаныс министрі міндетіне жайғасты.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.