0:00 / 0:00
Баспанамен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар Парламент Мәжілісі депутаттарының көңілінен шықпай отыр. Депутат Зағипа Бәлиева Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Бақытты отбасы" бағдарламасындағы 10 пайыз бастапқы жарнаны алып тастауды ұсынды. Пәтер жалдап, қиналып жүрген жандар бастапқы жарна жинай алмайды дейді депутат. Бүгін Мәжілісте «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру мәселесі бойынша Үкімет сағаты өткен еді. Депутаттар алдында есеп берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов елімізде баспанаға мұқтаж жандар саны 512 мың отбасын құрайды деді.
Жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселе-баспанамен қамту. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар, пайыздық мөлшерлемесі екінші деңгейлі банктерден сәл төмендеу ипотекалық несиелер қарастырылған. Алайда, тапқан табысы жалдамалы пәтер мен күн көрісінен аспай жатқан баспанаға мұқтаж жандарға бұның өзі қол жетпейтін арман болып отыр. Депутат Зағипа Бәлиева Тұрғын үй жинақ банкі арқылы берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасындағы кемшілікті атады. Бұл көпбалалы, толық емес және мүгедек баласы бар отбасыларға 2 проценттік баспана кредитін беретін бағдарлама. Алайда, оның 10 пайыздық бастапқы жарнасы бар. Депутат үйлі болғысы келіп жүрген бұл санаттағы азаматтарға бастапқы жарнаны жинау қиын дейді. Сондықтан ол осы жарнаны алып тастауды ұсынды.Сондай-ақ, осы бағдарламаға жас отбасыларын қосуды сұрады.
Депутаттың мәліметінше, осы уақытқа дейін бұл бағдаралама бойынша 3 мың ғана өтініш түскен. Мұның себебі, бастапқы жарна жинай алмағандықтан. Индустрия министрлігін енді ғана тізгініне алған Бейбіт Атамқұловты депутаттың ұсынысы ойландырып тастады.
Министр көптеген өңірде баспанамен қамту мәселесі кенже қалып отыр дейді. Жалпы еліміз бойынша жарты млнға жуық қазақстандық отбасы баспанаға мұқтаж
Бейбіт Атамқұлов – ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі; «Өте маңызды сұрақ. Біз 10 мың, 20 мың пәтер бердік деп мәлімет береміз. Негізінде елімізде 512 мың адам яғни отбасы баспанаға мұқтаж»
Сондай-ақ, мәжілісмендер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ауылды жерлерде баспана салуды қолға алуы керек дейді. Бұл жастардың ауылдан жаппай қалаға көшуін тоқтатар еді. Ал ауылға жас мамандар келмесе, жергілікті жердің жағдайы көтерілмейді.