Орал қаласы аумағында темір тұлпарды ұрлап кету фактісі әшкере болды. 1999 жылғы 2 жігіт "Жұлдыз" шағын ауданында көлік иесін ұрып-соғып, темір тұлпарын тартып алған. Оңбай соққы алған қала тұрғыны бірден 102-ге хабарласып арыз жазыпты. Дереу "Тосқауыл" операциясы іске қосылып, жеке қүрам іздестіру іс- шарасын қолға алған. Нәтижесінде Б.және Д. есімді 1999 жылғы азаматтар құрықталды. Оңай жолмен олжалаған көлікті олар Атырау қаласында сатпақшы болыпты. Осылайша қарақшылық шабуыл жасап, көлік иесін соққыға жығып, жұдырықтың астына алған 2 күдікті 10 жылға сотталуы мүмкін. Қылмысқа қатысы бар деген үшінші тұлға да ұсталды. Өз кезегінде күдікті барлығын мойындап отыр. Бүгінде темір тұлпар иесіне қайтарылды.